«Құрметті профессор» атағының салтанатты тапсырылуы
8 сәуір 2021 жылы Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА кампусы) қабырғасында Қазақстан сәулет саласы бойынша білім берудің 60 жылдығына орай іс-шаралар бастамасы өтті. ХБК-ға Сәулет докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ХБК Құрметті профессоры Б. Глаудинов пен «KazGor» жобалау академиясының президенті, ҚР Құрметті сәулетшісі, ҚР ҰИА мүше-корреспонденті А. Таттыгулов қонақ болып келді.
Бұл іс-шара болашақ сәулет саласы білімгерлері мен жас сәулет мамандарына қолдау ретінде өткізіліп отыр. Кездесуде, ҚР сәулет саласында енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен жоспарлау бойынша тың жаңалықтар жайлы айтылды.
А. Таттыгулов барлық қатысушыларды осы 60 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, ЖОО басшылығы мен білімгерлеріне пайдалы кітаптарды сыйлауға ниет білдірді. «Meuser Architekten BDA» сәулет шеберханасының негізін қалаушы, сәулет өнерінің теориясы мен тарихы жайлы іргелі зерттеулер жүргізген, атақты сәулетші Филипп Мойзердің «DOM publishers» баспасынан шыққан, сәулет өнерінің бастау алған уақытынан бастап, қазіргі кезеңге дейінгі трансформациясын көрсететін кітаптарын силай отырып, А. Таттыгулов осы еңбектердің ХБК білімгерлеріне оқу үдерісі кезінде үлкен пайдасы тиетіні анық екенін атап өтті.
2019 жылғы «Құрметті профессор» атағын тапсыру шарасы шектеу енгізілген қиын кездерге байланысты кейінге қалдырылған болатын. Бүгінгі іс-шарада сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында, қонағымыз, құрметті профессор, ұлағатты ұстаз Б. Глаудинов үміткерлерге шығармашылық биікті бағындаруға жететін ерен еңбек тілей отырып, өз қолымен арнайы диплом табыстап, «Құрметті профессор» атағына сай оқытушыларға Мантия кигізді.
Қазақстан сәулет саласы бойынша білім берудің 60 жылдығына орай өткізілетін осындай игілікті іс-шаралардың одан ары жалғасуына келген қонақтар тілектес болды.