ҚазБСҚА миссиясы
ҚазБСҚА миссиясы – жоғары білікті мамандар дайындау, студенттердің барлық деңгейде білім алуына жағдай жасау, қоғамнан өз орнын таба алатын, ой-өрісі кең, зиялы азаматтар тәрбиелеу. ҚазБСҚА студенттерге терең білім беріп қана қоймай, оларды азаматтық жауапкершілікке, отан сүйгіштікке және интернационализмге баулиды.
Академияның білім беру саясаты студенттердің қоғам мен табиғаттың даму заңдылықтары жайлы түсінігін қалыптастырып, оларды адалдық, инабаттылық, үлкенді құрметтеу, ізгілік пен көпшілдік қасиеттеріне тәрбиелеуді көздейді. Студенттерді оқу бағдарламаларымен қоса, студенттік ұйымдар, клубтар мен орталықтар арқылы ғылыми, қоғамдық, мәдени, спорттық шараларға тарту бұл мақсатты жүзеге асыруға септігін тигізеді.
ҚазБСҚА білім беру бағдарламаларын жақын және алыс шетелдердегі жетекші университеттер қабылдаған стандарттарға сәйкес унификациялауға ұмтылады. Студенттерге оқуын шетелде жалғастыруға мүмкіндік беретін кредиттік білім беру жүйесі енгізілді. Нәтижесінде академия түлектерінің дипломы әлемнің көптеген елдерінде жарамды.
ҚазБСҚА тарихы
Институт тарихы 1957 жылы Қазақ политехникалық институтына "Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс" мамандығы бойынша алғашқы студенттер тобы қабылданған кезден басталады. 1961 жылы "Сәулет" мамандығына қабылдау жүргізіліп, құрылыс, сәулет және санитарлық-техникалық факультеттері құрылды. Ал, 1980 жылы осы факультеттер мен Бүкілодақтық сырттай білім беретін инженерлік-құрылыс институтының Алматыдағы филиалының базасында Алматы сәулет-құрылыс институты ашылды (АСҚИ).
Алматы сәулет-құрылыс институтының алғашқы ректоры болып тәжірибелі ұйымдастырушы, білікті өндіріс маманы, құрылысшы, техника ғылымдарының докторы С.М. Байболов тағайындалды.
1987 жылы АСҚИ ректоры болып П.А. Атрушкевич тағайындалды. Оның басшылығымен институт 1991 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында бірінші болып аттестация мен аккредитациядан өтті. 1992 жылы АСҚИ атауы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы болып өзгертілді.
2000 жылдың қаңтарынан бастап ҚазБСҚА ректоры болып техника ғылымдарының докторы Құсаинов Әмірлан Айдарбекұлы тағайындалды. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет - құрылыс академиясы Қазақ бас сәулет - құрылыс академиясы болып өзгертілді (ҚазБСҚА). Әмірлан Айдарбекұлының басшылығының арқасында ҚазБСҚА бүгінде Қазақстанда оқытудың кредиттік жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізген жетекші жоғарғы оқу орындардың біріне айналды. Академия сонымен бірге елімізде алғашқылардың бірі болып Қамқоршылар кеңесін, Тапсырыс берушілер кеңесі мен сараптау комиссиясын, эдукология зертханасын, сәулет-құрылыс мамандықтары түлектерінің қауымдастығын құрды.
АСҚИ-ҚазБСҚА Қазақстан Республикасының сәулет және құрылыс саласындағы алғашқы және бірден бір мамандандырылған жоғары оқу орны. Ол базалық әдістемелік орталық ретінде еліміздегі білім беру бағдарламаларының дамуына ықпал етіп келеді.
ҚазБСҚА бүгінгі таңда Қазақстандағы сәулет-құрылыс білімінің қарқынды дамып келе жатқан флагманы. Біз 2007 жылы ЮНЕСКО- Халықаралық Сәулетшілер одағында (ХСО) "Сәулет" мамандығы бойынша халықаралық аккредитациядан өткен бірінші және жалғыз жоғары оқу орнымыз. 2009 жылдан бастап ҚазБСҚА төрағалық етуімен Еуразияның сәулет-құрылыс мектептерінің Халықаралық фестивальдері тұрақты түрде өтіп тұрады.
ҚазБСҚА көп салалы және көп деңгейлі білім беру жүйесі: лицей-колледж – ЖОО-үздіксіз білім беру институты. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы-Қазақстанның сәулет және құрылыс саласындағы ірі базалық оқу орны, Орталық Азия өңірінде танылған ғылыми және білім беру орталығы.
2017 жылы Дизайн факультетінің 25 жылдығын атап өттік. 2018 жылы ҚазБСҚА базасында сәулет-құрылыс және дизайн мамандықтары бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі (ҚР БҒМ РОӘК ОӘБ) оқу-әдістемелік бірлестігінің мерейтойлық отырысы өтті. 2020 жылы ААСИ-ҚазБСҚА 40 жылдық мерейтойын өткізеді.